Жаңалықтар

 

28.07.2025

 

ҚР МШКҚӨҰО мен «ВЕГ Орталық Азия» өнеркәсіптік компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою

 

2025 жылғы 21 шілдеде Қазақстан Республикасының Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы (ҚР МШКҚӨҰО) мен «ВЕГ Орталық Азия» өнеркәсіптік компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

«ВЕГ Орталық Азия» – халықаралық WEG (Бразилия) корпорациясының Орталық Азиядағы коммерциялық бөлімшесі болып табылады. WEG компаниясы – электр машиналарын, жетек техникасын және өнеркәсіптік автоматтандыру, энергия өндіру, беру және тарату салаларындағы кешенді шешімдерді әзірлеу мен өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Компанияның өндірістік қуаттары 12 елде орналасқан, бұл жеткізілетін өнімдердің жоғары технологиялық деңгейін және сенімділігін қамтамасыз етеді.

 

Меморандумға қол қою ақпараттық технологиялар, өнеркәсіпті цифрландыру, сондай-ақ инновациялық және ғылыми-техникалық салалардағы серіктестікті дамытуға бағытталған. Ынтымақтастық тараптар арасындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларды іске асыруды, қазақстандық технологияларды дамытуды және бірлескен құзырет орталықтарын құруды көздейді.

 

Меморандум аясында тараптар:

 

  • басым бағыттар бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер мен қолданбалы әзірлемелер жүргізуді;
  • ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, симпозиумдар және біліктілікті арттыру курстарын қоса алғанда, бірлескен іс-шаралар өткізуді;
  • ғылыми, білім беру және инновациялық салаларда тәжірибе және жұмыс нәтижелерімен алмасуды;
  • технологияларды трансферлеу мен әзірлемелерді коммерцияландыруды дамытуға жәрдемдесуді;
  • патенттік қызметпен айналысуды және гранттық жобаларға қатысуды;
  • зертханалық салыстыруларды қоса алғанда, жабдықты аккредиттеу және сертификаттау іс-шараларын жүргізуді;
  • бұқаралық ақпарат құралдарында тараптардың қызметі туралы ақпаратты ілгерілетуді жоспарлап отыр.

Меморандумға қол қою ҚР МШКҚӨҰО-ның ғылыми және инженерлік әлеуетін «ВЕГ Орталық Азия» компаниясының мүмкіндіктерімен біріктіре отырып, тау-кен-металлургия саласына және Қазақстан Республикасының өнеркәсібінің басқа да секторларына инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

 

ҚР МШКҚӨҰО Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік прогресін қамтамасыз ету мақсатында заманауи шешімдерді енгізу және ұлттық ғылымды дамыту үшін жетекші өнеркәсіптік және ғылыми-технологиялық компаниялармен әріптестік қатынастарды кеңейту бойынша жұмыстарды жалғастырады.